| № | Автордың аты-жөні | Мақаланың атауы | Аннотация | Түйінді сөздер |
| 1 | Аблаева Жанна Мұхтарқызы | ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІКТІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ БОЙЫНША ТУРИСТІК ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ҚЫЗМЕТІНДЕ ҰҰА ПАЙДАЛАНУДЫ ЖЕТІЛДІРУ БОЙЫНША ҰСЫНЫСТАР | Қазақстан Республикасында туристік белсенділіктің өсуі жағдайында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасызетузаманауитехникалықшешімдердіенгізудіталапетеді.Осындайқұралдардыңбірі-патрульдеу, жағдайды бақылау және жедел әрекет етуде жоғары әлеуетке ие ұшқышсыз ұшу аппараттары. Мақалада шетелдік тәжірибе мен Қазақстандағы ағымдағы тәжірибенің мысалдарын қоса алғанда, туристік полиция қызметінде ұшқышсыз ұшу аппаратын қолданудың артықшылықтары мен перспективалары талданады. Техникалық жаңғырту, құқықтық реттеу, операторларды даярлау және дрондарды цифрлық қауіпсіздік жүйесіне біріктіру қажеттілігіне ерекше назар аударылады. Сондай-ақ, пилотсыз ұшу аппараттарында орнатылған арнайы техникалық құралдардың көмегімен туристік объектінің аумағында фото және бейне мониторингті жүзеге асыру туралы ескертетін жаңа ақпараттық белгіні енгізу ұсынылады. Ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану туристік аймақтардағы жағдайды бақылаудың тиімділігін арттыруға ықпал ете отырып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудің дәстүрлі нысандарын алмастырмайды, толықтырады деген қорытындыға келді. | ұшқышсыз ұшу аппараты; сыртқы ұшқыш; мониторинг; қоғамдық қауіпсіздік; жедел ден қою құралы; туристік полиция; туристік объект. |
| 2 | Айтжанов Шынғыс Қайырғалиұлы | ҚЫЛМЫС ҚҰРБАНДАРЫНА ЗИЯНДЫ ӨТЕУДІҢ ЗАМАНАУИ ТӘСІЛДЕРІ: АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ КОНТЕКСТІНДЕГІ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ МЕН ДАМУ ПЕРСПЕКТИВАЛАРЫ | Мақалада қылмыстық құқық бұзушылықтан келтірілген зиянды өтеу саласындағы қолданыстағы заңнамаға шолу жасалды. «Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы» Заңның қабылдануымен Қазақстанда қылмыстардан зардап шеккен адамдарға мемлекеттік өтемақы төлеу мүмкіндігі іске асырылды. Заңың жағымды аспектілеріне қарамастан, оның төлемдерге үміткер адамдар тобының шектеулігімен және өтемақы мөлшерінінің төмен болуына, яғни кейбір жағдайларда медициналық шығындарды өтеуді қамтамасыз етпейтіндігімен байланысты бірқатар кемшіліктер бар. Зерттеудің мақсаты – жәбірленушілерге мемлекеттік өтемақы төлеудің қолданыстағы механизмінің тиімділігін бағалау және оны жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу. Аталған мақсатқа қол жеткізу үшін жұмыста Жәбірленушілерге өтемақы қорының бюджетіне әсерін бағалай отырып, төлемдердің мөлшерін үлкейту қажеттілігін негіздейтін құқықтық және әлеуметтік факторларды талдау, сондай-ақ мемлекеттік өтемақы алуға үміткер тұлғалар тобын кеңейтуді негіздеумен байланысты міндеттер қойылған. Мақалада мемлекеттік өтемақының қолданыстағы моделін жаңғыртуды қолдайтын дәлелдер келтірілген, сондай-ақ жәбірленушілердің құқықтарын қорғау кепілдіктерін нығайту және зиянды өтеу тетіктерінің қолжетімділігін арттыру контекстінде ұсынылған шешімдердің әлеуетті тиімділігіне баға берілген. | зиян; төлем; жәбірленуші; өтемақы; жәбірленуші; қылмыс; зиян; қор. |
| 3 | Аскаров Аслан Аскарович Медиев Ренат Амангельдіұлы | ЦИФРЛЫҚ МЕНШІК ЖАҢА ДӘЛЕЛ РЕТІНДЕ: ҚАЗАҚСТАН КРИМИНАЛИСТИКАСЫНДАҒЫ ЦИФРЛЫҚ ОБЪЕКТІЛЕРДІ ЗЕРТТЕУДІҢ ТҰЖЫРЫМДАМАЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ | Мақалада Қазақстан Республикасының цифрландыру жағдайында қылмыстарды тергеу және дәлелдемелік базаны қалыптастыру саласындағы цифрлық объектілердің құқықтық табиғаты мен олардың криминалистикалық маңызы қарастырылады. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот сараптамалары орталығының материалдары, сот және тергеу тәжірибелері, сондай-ақ нормативтік құқықтық актілер мен салыстырмалы-құқықтық зерттеулер талдау негізінде дәлелдемелік құралдардың жаңа санаты – цифрлық нысандардың қалыптасуы негізделеді. Зерттеу нәтижесінде цифрлық нысандар (электрондық құжаттар, блокчейн жазбалары, NFT, токендендірілген активтер және басқалар) меншік белгілеріне ие екені және қылмыстық іс жүргізуде дербес дәлелдемелік ақпарат көзі бола алатыны анықталды. Арнайы назар Қазақстандағы цифрлық дәлелдемелермен жұмыс істеу тәжірибесін профессор Г. Уокер ұсынған цифрлық объектілерді тану және бағалау жөніндегі халықаралық тәсілдермен салыстыруға аударылған. Авторлар қазақстандық цифрлық құқық моделінің цифрлық меншік пен цифрлық дәлелдемелерді іс жүзінде мойындау бағытымен дамып келе жатқанын атап өтеді. Мақалада заңнаманы одан әрі жетілдірудің негізгі бағыттары ұсынылады: Қазақстан Республикасы қылмыстық-процестік кодексiне «цифрлық нысан» ұғымын енгізу, цифрлық іздерді криминалистикалық зерттеу әдістемесін әзірлеу және цифрлық дәлелдемелермен жұмыс істеудің ұлттық стандарттарын қалыптастыру. Зерттеу цифрлық құқық пен криминалистиканың одан әрі интеграциясының тұжырымдамалық негіздерін қалыптастыру арқылы олар бойынша ұлттық доктринаның дамуына үлес қосады. | цифрлық нысан; цифрлық дәлелдеме; цифрлық меншік; криминалистика; қылмыстық іс жүргізу; блокчейн; токен. |
| 4 | Ахметов Ерик Булатович Тебаев Дидар Болатұлы | МӨЛШЕРЛЕСТІК ҚАҒИДАТЫ ЖӘНЕ ӘКІМШІЛІК АКТІНІ ОРЫНДАУ ИНСТИТУТЫНЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ РЕТТЕУІ ТУРАЛЫ МӘСЕЛЕГЕ: ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МЕН ПОСТКЕҢЕСТІК ЕЛДЕРДІҢ ТӘЖІРИБЕСІ | Мақалада мөлшерлестік қағидатының әкімшілік процестің негізгі элементі ретіндегі маңызы, сондай-ақ оның Қазақстан Республикасында және басқа посткеңестік елдерде әкімшілік актілердің орындалуын құқықтық реттеудегі рөлі қарастырылады. Мөлшерлестік қағидаты әкімшілік органдардың өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде қалай қолданылатыны, сондай-ақ оның Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік–процестік кодексінде бекітілген заңдылық пен әділеттілік қағидаттарымен байланысы талданады. Әкімшілік рәсімдерді салыстырмалы талдауға және оларды Қазақстанда және континенттік құқықтық жүйесі бар елдерде іске асыру ерекшеліктеріне, сондай-ақ шетелдік тәжірибенің ұлттық заңнаманы қалыптастыруға ықпалына ерекше назар аударылады. Мөлшерлестік қағидатын тиімді қолдану мемлекет мүдделері мен азаматтардың құқықтары арасындағы тепе-теңдікке ықпал етеді, сондай-ақ әкімшілік сот төрелігінің сапасын арттырады. Қорытындылай келе, посткеңестік мемлекеттердің озық тәжірибелерін және сот бақылауын одан әрі жаңғырту қажеттілігін ескере отырып әкімшілік актілердің орындалуын құқықтық реттеуді жетілдіру жөнінде ұсыныстар тұжырымдалады. | әділеттілік; заңдылық; әкімшілік акт; әкімшілік сот ісін жүргізу; әкімшілік рәсімдер; өкілеттіктер; әкімшілік сот. |
| 5 | Бекежанов Даурен Нуржанович Алжанкулова Светлана Абильдаходжаевна | ГИБРИДТІ СОҒЫС ЖАҒДАЙЫНДА ЖЕКЕ ӘСКЕРИ КОМПАНИЯЛАР | Мақалада өзінің ресми халықаралық-құқықтық мәртебесін әлі ала алмаған құбылыстарды заңдастыру процесі қарастырылады. Жеке әскери компаниялардың заңдылығы мәселесі қазіргі уақытта ЖӘК-ны заңдастыру процесі арқылы өтіп жатқан құбылыс ретінде екі процестің нәтижесі ретінде зерттелуде: жекешелендіру – жеке әскери компаниялар бұрын мемлекеттердің қарулы күштеріне тән міндеттерді шешу мақсатында қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі функцияларды өз мойнына алған кезде; жаһандану – жеке әскери компаниялар нақты мемлекетпен байланысы жоқ трансұлттық корпорациялардың мүдделерін қорғағанкезде. Қазіргі заманғы соғыс гибридтіксипатта болғандықтан, бүгінгікүнгіқақтығыстар ассиметриялы болып табылады, нәтижесінде дәстүрлі әскери күштерді оларға қарсы қою қиындыққа әкеледі. Сондықтан осындай қақтығыстарды халықаралық жария құқықта белгісіз мәртебеге ие, жеке әскери компаниялар сияқты акторлар бірінші орынға шығады. Жеке әскери компаниялардың халықаралық құқықта нақты анықтау және бірыңғай ережелерді белгілейтін және олардың қызметіне бақылауды қамтамасыз ететін халықаралық орган құру қажеттілігі туралы қорытынды негізделеді. | жеке әскери компания; жауынгерлер; комбатант; халықаралық гуманитарлық құқық; гибридті соғыс; қарулы күштер; қарулы қақтығыс; барлау; жеке әскери компаниялар қызметкерлері. |
| 6 | Белхожаева Динара Жомартовна Тұрлыханқызы Құралай | ҚЫЛМЫСТЫҚ-ҚҰҚЫҚТЫҚ ПӘНДЕРДІ ОҚЫТУДА ЖАППАЙ АШЫҚ ОНЛАЙН-КУРСТАРДЫ (ЖАОК) ҚОЛДАНУ | Қазіргі таңда білім беру үдерісінде жаппай ашық онлайн-курстар оқытудың жаңа цифрлық нысаны ретінде кеңінен қолданылуда. Бұл цифрлық білім беру технологиясы болашақ заңгерлер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлерін даярлау процесінде, әсіресе қылмыстық-құқықтық бағытта, оқыту контекстінде интеграциялауға үлкен әлеуетке ие. Мақалада қылмыстық-құқықтық пәндерді оқытуда жаппай ашық онлайн-курстарды тиімді қолданудың өзекті аспектілері, олардың интеграция мүмкіндіктері, бейімделу ерекшеліктері және туындайтын әдістемелік және ұйымдастырушылық қиындықтар қарастырылады. Авторлар ЖАОК-тың білім беру процесіндегі рөлі мен маңызын талдай отырып, олардың кәсіби даярлықты арттырудағы әлеуетін, интерактивті құралдар арқылы оқыту сапасын көтеруге, тыңдаушылардың құқықтық жағдайларды тану және олармен жұмыс істеу қабілеттерін дамытуға бағытталған мүмкіндіктерін зерттейді. Сонымен қатар, мақалада ЖАОК форматында қылмыстық-құқықтық пәндерді оқытудың ұйымдастыру ерекшеліктері, әдістемелік тәсілдері және білім алушылардың құқықтық санасын қалыптастырудағы маңызы сипатталады. Қылмыстық-құқықтық пәндер бойынша онлайн-курстарға жаттығулар, сценарийлік тапсырмалар және практикалық модельдер енгізу арқылы оқытудың тиімділігін арттыру жолдары ұсынылады. Зерттеу нәтижелері цифрлық білім беру кеңістігінде ЖАОК-ты қолданудың тиімділігін арттыруға бағытталған ұсыныстар мен қорытындылар ұсынылады. | цифрлық білім; цифрлық технология; цифрлық платформа; жаппай ашық онлайн- курстар; онлайн-оқыту; аралас оқыту; қылмыстық-құқықтық пәндер. |
| 7 | Буранбаева Салиман Рахмановна Токтыбеков Темир Абикенович | ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚҰҚЫҚ ЖӘНЕ ҚАРУЛЫ ҚАҚТЫҒЫСТАРҒА ҚАТЫСУШЫЛАРДЫҢ МӘРТЕБЕСІ | Қазіргі таңда әлемде жергілікті және кең ауқымды әскери қақтығыстар өршіп тұрған жағдайда соғыс қылмыстары үшін кім жауапқа тартылуы мүмкін деген мәселе өзектілігін жойған жоқ. Соғыс ешқашан ақталмайды, себебі ол үнемі қатыгездікпен және зорлық-зомбылықпен қатар жүреді. Дегенмен, қарулы қақтығыстар жағдайында тараптар халықаралық құқық нормаларын сақтауға міндетті, бұл жазықсыз құрбандар мен бүлінудің алдын алуға бағыттайды. Халықаралық гуманитарлық құқық соғыс әрекеттеріне қатысушыларды – комбатанттар мен бейбіт тұрғындар ретінде нақты ажыратады. Мұндай жіктеу кімнің тікелей соғысушы екенін, ал кімнің қорғалуы қажет екенін анықтау үшін қажет. Осыған байланысты мақалада қарулы қақтығыстарға тікелей қатысушылар мен бейбіт тұрғындардың құқықтық мәртебесін айқындайтын халықаралық актілерге талдау жасалды. Зерттеу аясында 1949 жылғы Женева конвенциялары мен оларға 1977 жылы қабылданған Қосымша Хаттамалар жан-жақты қарастырылды. Әсіресе, халықаралық қарулы қақтығыстардың құрбандарын қорғау үшін қабылданған Женева конвенцияларының негізгі ережелерін одан әрі дамытқан I Қосымша Хаттама ерекше назарға алынды. Бұл құжаттарда комбатанттар мен бейбіт тұрғындардың құқықтық жағдайы реттеліп, әскери қақтығыстар жағдайындағы медициналық қызметкерлер мен дін өкілдерінің мәртебесі бөлек көрсетілген. Сонымен қатар, ұсынылып отырған зерттеуде халықаралық және халықаралық емес қарулы қақтығыстардың ерекшеліктері де талданды. | комбатант; бейбіт тұрғын; қарулы қақтығыс; халықаралық гуманитарлық құқық; БҰҰ; соғыс; Женева конвенциялары; Қосымша хаттамалар. |
| 8 | Еринбетова Ляззат Калдыбековна Алишер Анаитович Гаитов | БІЛІМ БЕРУ МЕКЕМЕЛЕРІНДЕ БУЛЛИНГТІҢ АЛДЫН АЛУ БОЙЫНША ОТАНДЫҚ ЖӘНЕ ШЕТЕЛДІК ТӘСІЛДЕРДІҢ САЛЫСТЫРМАЛЫ ТАЛДАУЫ: ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК АСПЕКТІЛЕР | Бұл мақалада шетел және Қазақстан оқу орындарында буллингке қарсы күресудің әртүрлі тәсілдері қарастырылады. Буллинг және кибербуллинг ұғымдары Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде салыстырмалы түрде жақында ғана пайда болды. Технологиялардың дамуына байланысты қазіргі мектептердегі қудалау тек тікелей ғана емес, сонымен қатар құрылғылар мен гаджеттерді қолдану арқылы жанама түрде де жүзеге асырылады. Кибербуллинг те оқушылардың психикалық денсаулығына буллинг сияқты қауіпті. Оқу орындарындағы қудалаудың салдары әртүрлі болуы мүмкін, оның ішінде адамның өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу сияқты ауыр жағдайлар да кездеседі. Қазақстанда жасөспірімдер арасындағы суицид жағдайларының азаю үрдісі байқалмағандықтан, біз еліміздің барлық оқу орындарында зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бойынша заңнамалық және бағдарламалық шаралар қабылдауды ұсынамыз. | буллинг; кибербуллинг; қудалау; бағдарлама; заңнама; қылмыстық жауаптылық; оқу орындары. |
| 9 | Еркенов Болат Досжанұлы Букенесов Азамат Серикбаевич | ҚР ҚЫЛМЫСТЫҚ ЖӘНЕ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ЖҮРГІЗУ ЗАҢНАМАСЫНДАҒЫ ТЕРМИНОЛОГИЯЛЫҚ ҚАЙШЫЛЫҚТАР (ҚЫЛМЫСТЫҚ ТАБЫСТАРДЫ КОНФИСКАЦИЯЛАУ КЕЗІНДЕ) | Мақала қылмыстық кірістерді тәркілеу кезіндегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнамасындағы терминологиялық қайшылықтарды зерттеуге арналған. Авторлар «заңсыз жолмен» және «қылмыстық жолмен» ұғымдарының арасындағы айырмашылықтарға теориялық-құқықтық және салыстырмалы-құқықтық талдау жүргізеді, олардың Қылмыстық-процестік кодексінің (118-бап), Қылмыстық заңның (ҚР ҚК 218-бабы) жалпы бөлігінің ережелеріне және FATF және БҰҰ халықаралық стандарттарына сәйкестігін анықтайды. Халықаралық конвенцияларды, отандық доктринаны және шетелдік тәжірибені талдау негізінде Қазақстан Республикасы қылмыстық-процестік кодексінің 71-тарауында терминологияны біріздендіру қажеттілігі негізделеді. Жұмыста құқықтық сенімділікті, заңнаманың жүйелілігін қамтамасыз етуге және ұлттық нормаларды proceeds of crime («қылмыстық жолмен алынған кірістер») әмбебап санатына сәйкес келтіруге бағытталған нақты редакциялық өзгерістер ұсынылған. Алынған нәтижелер Қазақстанның қылмыстық-процестік реттеуі мен құқық қолдану практикасын жетілдіру үшін теориялық және қолданбалы мәнге ие. | құқықбұзушылық; қылмыс; табыс; мүлік; тәркілеу; заңсыз; қылмыстық жол. |
| 10 | Исмаилбаев Тимурлан Шамильевич | ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫНЫҢ КАДР САЯСАТЫНА ҚАЗІРГІ ЗАМАНҒЫ КӨЗҚАРАСТАР – ЦИФРЛАНДЫРУ, БЕДЕЛ ЖӘНЕ ЗАҢ ҮСТЕМДІГІ | Тәуелсіздік кезеңінде жүргізілген реформалардың нәтижесінде мемлекеттік қызмет жүйесін құру мен оның жұмыс істеуінің жалпы қағидаттары айқындалды. Атап айтқанда, жүйені ұйымдастыру мен қызметінің негізгі ұстанымдары бекітіліп, мемлекеттік қызметшілер лауазымдарының тізілімдері жасалды, сондай-ақ олардың құқықтық мәртебесі белгіленді (мемлекеттік қызметке қабылдау, өту және одан босату тәртібі нақты регламенттелді) және т.б. Мақалада автор құқық қорғау органдарының құқық үстемдігін қамтамасыз ету мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың конституциялық-құқықтық тетігіндегі рөліне талдау жасайды. Кадрлық саясатты жетілдіру ұсынылады: кандидаттарды құқық қорғау қызметіне іріктеу процесін цифрландыру, «мінсіз бедел» институтын енгізу, сондай-ақ бастапқы кәсіби даярлықтан өтетін кандидаттар мен құқық қорғау органдарының жоғары оқу орындарының түлектері арасындағы алшақтықтарды нормативтік тұрғыда реттеу. | құқық қорғау органы; құқық үстемдігі; құқықтар мен бостандықтарды қорғау; құқықтық мемлекет; профилактикалық шаралар; кадрлық саясат; мінсіз бедел; іріктеуді цифрландыру; бастапқы кәсіби даярлық; ақпараттық технологиялар; мемлекеттік қызметті реформалау. |
| 11 | Қайназарова Дариға Болатқызы | АЗАМАТТЫҚ ҚҰҚЫҚТАҒЫ АДАЛДЫҚ ИНСТИТУТЫ | Мақалада азаматтық құқықтағы адалдық институты заңды формальды сақтаумен қатар әділетті нәтижеге қол жеткізудің арасындағы теңгерімді қамтамасыз ететін іргелі қағида ретінде қарастырылады. Рим құқығы мен германдық дәстүрден бастау алатын бұл категорияның тарихи негіздері талданған, сондай-ақ оның қазіргі кезде Франция, Германия, Ресей және Қазақстан құқықтық жүйелерінде орнығуы көрсетілген. Адалдық мазмұнының айқын еместігіне, оның шарт бостандығымен арақатынасына және соттың субъективтік қалауы тәуекелдеріне байланысты теориялық мәселелер атап өтіледі. Қазақстан Республикасының сот практикасына ерекше назар аударылған, онда адалдық қағидасы адал сатып алушылардың құқықтарын қорғауда, шарттық қатынастарда және құқықты теріс пайдалануды айқындауда қолданылып келеді. Салыстырмалы талдау ұлттық және шетелдік соттардың ұстанымдарындағы айырмашылықтарды анықтауға, сондай-ақ қазақстандық сот тәжірибесін біріздендіру мен адал мінез-құлық өлшемдерін заңнамалық тұрғыдан нақтылаудың қажеттілігін айқындауға мүмкіндік берді. Заңнаманы, сот тәжірибесін және заң білімін жетілдіруге қатысты ұсыныстар берілген. | азаматтық құқық; құқықты теріс пайдалану; шарт бостандығы; адалдық; құқық қолдану; адал сатып алушы; сот тәжірибесі; соттың субъективизмі; салыстырмалы-құқықтық талдау; құқықтық айқындық. |
| 12 | Қалиев Асқар Әбужанұлы | ГЕЙМИФИКАЦИЯ ЖӘНЕ СИМУЛЯЦИЯЛЫҚ ТРЕНАЖЕРЛЕР КИБЕРҚЫЛМЫСТЫ ТЕРГЕУ МАМАНДАРЫН ОҚЫТУ | Цифрлық қатерлердің қарқынды өсуі жағдайындақұқыққорғау органдары киберқылмыстарды тергеумен айналысатын мамандарды даярлауды жаңғырту қажеттілігіне тап болады. Мақалада геймификация мен симуляциялық тренажерлерді тәжірибеге бағытталған оқытудың тиімді құралдары ретінде пайдалану мүмкіндігі қарастырылады. Осы тәсілдерді қолданудың психологиялық-педагогикалық және ұйымдастырушылық негіздері негізделген, халықаралық практикадан (АҚШ, ЕО, Израиль, Сингапур) табысты кейстер ұсынылған. Экономикалық тиімділік пен құқықтық шектеулерге баға берілді. Ұлттық стандарттарды, цифрлық платформаларға қойылатын талаптарды бейімдеуді және заңнамалық базаны құруды қоса алғанда, Қазақстанда және бірінші кезекте құқық қорғау бағытындағы оқу орындарына осындай шешімдерді енгізу мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды. Зерттеу нәтижелері ғылыми-білім беру мекемелерінің оқу бағдарламаларын жасаушылар үшін практикалық құндылық болып табылады және оларды кибер мамандарды даярлауда қолдануға болады. | геймификация; симуляциялық тренажер; киберқылмыс; цифрлық оқыту; тергеу; криминалистика; виртуалды шындық; жасанды интеллект; құқықтық реттеу; дайындық әдістемесі. |
| 13 | Қаржаубаев Серік Сейітұлы Қажмұратова Динара Сердокқызы | ҚЫЛМЫСТЫҚ ЗАҢНАМАНЫҢ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ МЕН БЕЙІМДЕЛГІШТІГІ ҮШІН НОРМАШЫҒАРМАШЫЛЫҚТЫҢ ЖЕКЕЛЕГЕН ҚАҒИДАЛАРЫНЫҢ МАҢЫЗЫ | Қылмыстық заңнаманың тұрақсыздығы мен жеткіліксіз бейімделуі заңның мызғымастық беделіне нұқсан келтіреді, бұзушылықтардың өсуіне жағдай жасайды және жазасыздықты тудырады және нәтижесінде қоғамның мемлекетке деген сенімсіздігін тудырады. Аталған проблемаларды шешу нормашығармамашылық процесін жетілдіруде көрінеді. Белгілі, кез келген процесс оның принциптеріне негізделген, оларды ұстана отырып, туындаған мәселелерді тиімді шешуге болады. Мәселені дұрыс түсіну және ең маңызды принциптерді таңдау үшін жұмыстың негізі ғылыми гипотезалар болды. Ғылыми пысықтау нормашығармашылықтың басым қағидаттарын таңдауға мүмкіндік берді. Мақалада ғылыми принциптің негіздемесі келтірілген, осы принципті іске асыру жолдары анықталған. Нормашығармашылық процесінде ғылыми принципті қолдану нәтижесінің тиімділігі ұсынылған. Тұрақтылық принципін зерттеу оның нормашығармашылық принциптері жүйесіндегі орнын ғылыми тұрғыдан анықтауға мүмкіндік берді. Нормашығармашылық процесінде осы қағиданы іске асырудың негізгі бағыттары көрсетілген. | нормашығармашылық; қылмыстық заңнама; қағидат; ғылыми негізділік; тұрақтылық; бейімділік. |
| 14 | Құсаинова Әсел Қадырбекқызы Жақсылықов Руслан Әділбекұлы | ҚАЗАҚСТАН ЗАҢНАМАСЫ КОНТЕКСТІНДЕ АЗАМАТТЫҚ ТӘРКІЛЕУ ИНСТИТУТЫН ДАМЫТУ | Мақалада Қазақстан Республикасында азаматтық тәркілеу ұғымының заңнамалық анықтамасының жоқтығы мәселесі қарастырылған, бұл құқықтық белгісіздікке, құқық қолдану мен заңдарды түсіндірудегі қиындықтарға әкеледі. Автор отандық және шетелдік зерттеушілер анықтаған мүлікті азаматтық тәркілеудің негізгі белгілерін қарастырады. Сондай-ақ ұлттық заңнамадағы азаматтық тәркілеу элементтерін көрсететін нормативтік құқықтық базаға талдау жүргізіледі, сондай-ақ азаматтық құқық тұрғысынан осы институттың ерекшеліктерін қалыптастыру жүргізіледі. Меншік құқығын тоқтату, негізсіз баю, мәмілелерді жарамсыз деп тану және түсініксіз байлық туралы талап қою сияқты құқықтық институттарға ерекше назар аударылады. Автордың пікірінше, бұл институттар бірігіп ұлттық құқықтағы азаматтық тәркілеуді институционализациялаудың алғышарттарын құрайды. Азаматтық тәркілеу қылмыстық айыптауды қажет етпей, заңсыз жолмен алынған активтерді тиімді қайтаруға мүмкіндік беретіні, бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы заманауи үрдістерге сәйкес келетіні және мемлекеттің қоғамдық мүдделерін қорғауды күшейтетіні атап өтілді. | азаматтық тәркілеу; активтерді қайтару; Азаматтық кодекс; алып қою; мүлік; активтер; үкім; мемлекет. |
| 15 | Муканов Данияр Жумагатович Омаров Ербол Ағыбайұлы | КҮДІКТІЛЕРДІ ҚОРҒАУ КЕПІЛДІКТЕРІН ІСКЕ АСЫРУ ЖӘНЕ ҚЫЛМЫСТЫҚ ПРОЦЕСТЕ АЗАПТАУДЫҢ АЛДЫН АЛУ МӘСЕЛЕЛЕРІ | Мақалада Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының қызметінде азаптауды және қатыгездік, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын қарым-қатынастың өзге де нысандарын қолдануға ықпал ететін жүйелік факторлар қарастырылады. БҰҰ-ның 1984 жылғы азаптауға қарсы конвенциясын және оған Факультативтік хаттаманы қоса алғанда, ұлттық заңнамаға, құқық қолдану практикасына және халықаралық стандарттарға талдау жүргізілді. Қылмыстарды ашудың жоспарлы көрсеткіштері жүйесінің ықпалына, тергеудің мойындау айғақтарына тәуелділігіне, қамауда ұстау жағдайларына және күдіктілердің процестік кепілдіктерінің жеткіліксіз іске асырылуына ерекше назар аударылды. Тергеулер мен сот бақылауының ашықтығын, тәуелсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шетелдік тәсілдер (Германия, Франция, Ұлыбритания, АҚШ) зерттелуде. Заңнаманы жетілдіру, азаптау үшін қылмыстық жауаптылықты күшейту, прокурорлық қадағалау өкілеттіктерін кеңейту және қорғаудың институционалдық кепілдіктерін нығайту жөнінде ұсыныстар тұжырымдалған. | азаптау; қатыгездік; адам құқықтары; қылмыстық сот өндірісі; қылмыстық кепілдіктер; күдікті; құқық қорғау органдары; жауаптылық. |
| 16 | Мұқашева Анор Абайханқызы Нигматуллина Эльмира Фаатовна | ЦИФРЛЫҚ КЕҢІСТІКТІ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ ТЕТІГІ | Мақала қазіргі заманғы цифрлық трансформация жағдайында мемлекеттің рөлін құқықтық тұрғыдан пайымдауға арналған. Онда мемлекет цифрлық ортада реттеу функцияларын жүзеге асыру және қатысу мақсатында қолданатын институционалдық және нормативтік тетіктерге ерекше назар аударылады. Қазақстан Республикасының «Жасанды интеллект туралы» (2025) заң жобасы және Еуропалық одақ пен Америка Құрама Штаттарында іске асырылып жатқан кейбір шетелдік тәсілдер талдауға алынады. Сонымен қатар, цифрлық ортада мемлекеттің құқықтық мәртебесі және жеке тұлғалардың цифрлық құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері қарастырылады. Мемлекеттік басқару жүйесін цифрлық трансформациялауды іске асырудың екі негізгі тәсілі талданып, қарастырылып отырған тәсілдердің «артықшылықтары» мен «кемшіліктері» анықталды. Азаматтық қоғам мен мемлекеттік органдарға назар аудару керек негізгі проблемалар анықталды. Оларға мыналар жатады: жасанды интеллект дұрыс емес шешімдер қабылдауға әкелетін алгоритмдік бейімділіктің ықтималдығы; Қазақстан халқының әртүрлі топтары арасындағы цифрлық теңсіздік; мемлекеттік ақпараттық ресурстарға кибершабуылдар жағдайында мемлекеттік цифрлық жүйелердің осалдығы; цифрлық шешімдердің фрагменттілігі. Сондай-ақ маңызды мәселе жеке тұлғалардың цифрлық құқықтарын қорғау, цифрлық ортада жауапты мінез-құлықты қамтамасыз ету және жасанды интеллект жүйелерінің жұмыс істеуі мен дамуын мемлекеттік және қоғамдық бақылау тетіктерін реттеу үшін тиісті нормативтік-құқықтық базаның болмауы. Мақала авторлары цифрлық кеңістікті реттеудің жоғарыда аталған мәселелерін шешу жолдарын ұсынады. | мемлекет; жасанды интеллект; заң жобасы; Қазақстан Республикасы; цифрлық трансформация; цифрлық құқықтар. |
| 17 | Нубаева Гулмира Галымқызы Құранбек Жебеген Абайұлы | АЛҚАБИЛЕРДІҢ ҚАТЫСУЫМЕН ЖҮРГІЗІЛЕТІН ҚЫЛМЫСТЫҚ СОТ ІСІН ЖҮРГІЗУДЕ МЕМЛЕКЕТТІК АЙЫПТАУШЫНЫҢ МӘРТЕБЕСІНДЕГІ ПРОЦЕСУАЛДЫҚ ДУАЛИЗМ МЕН ИНСТИТУЦИОНАЛДЫҚ ҚАЙШЫЛЫҚТАР: ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ТӘЖІРИБЕ ЖӘНЕ ЖАҺАНДЫҚ ҮРДІСТЕР | Бұл мақалада Қазақстан Республикасындағы алқабилер қатысатын қылмыстық сот ісін жүргізудегі мемлекеттік айыптаушы функциясының екі жақты сипатының теориялық, құқықтық және практикалық аспектілері қарастырылады. Сот сатысындағы прокурордың қадағалау және айыптау функциялары арасындағы қайшылықтар талданады, бұл процестік теңгерімсіздікке әкеледі және мемлекеттік айыптау тиімділігін төмендетеді. Авторлар алқабилердің қатысуымен өтетін бәсекелестік сот ісін жүргізу жағдайында мемлекеттік айыптаушының айыптаушы және сонымен бірге заңдылықтың кепілі ретіндегі рөлдерінің араласуы әділ сот төрелігі қағидаттарына қайшы келетінін атап көрсетеді. Мақалада Қазақстан Республикасының Конституциясының 58 және 83-баптары мен Қылмыстық- процестік кодекс нормаларының арақатынасына ерекше назар аударылады. «Прокурор» және «мемлекеттік айыптаушы» ұғымдарын заңнамалық деңгейде нақты ажырату қажеттілігі негізделіп, ҚПК-нің 7-бабына жаңа редакция ұсынылады. Сонымен қатар, мақалада Ұлыбритания, АҚШ, Германия, Франция және посткеңестік мемлекеттердің құқықтық жүйелеріндегі қылмыстық қудалау үлгілеріне салыстырмалы-құқықтық талдау жасалған. Алқабилер сотында тараптардың объективтілігі мен тең құқықтылығын қамтамасыз етуге бағытталған институционалдық реформаның қажеттігі туралы қорытынды жасалады. | мемлекеттік айыптаушы; прокурор; алқабилер соты; қылмыстық қудалау; тараптардың жарыспалылығы; қадағалау функциясы; қылмыстық процесс; негізгі заң; қылмыстық-процестік заңнама; процестік мәртебе; құқықтық реформа; әділ сот төрелігінің халықаралық стандарттары. |
| 18 | Плотников Андрей Викторович Биекенов Нұрлан Амангелдіұлы | ВЕЛИКОБРИТАНИЯ ПОЛИЦЕЙЛЕРІН ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚОЛДАУ ТӘЖІРИБЕСІ ЖӘНЕ ОНЫ ҚАЗАҚСТАН ІШКІ ІСТЕР ОРГАНДАРЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ЖЕКЕ ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ЖҮЙЕСІНДЕ ПАЙДАЛАНУ МҮМКІНДІКТЕРІ | Мақалада Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдары қызметкерлерінің жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін оң құралдарды алу мақсатында Великобритания полицейлерін психологиялық қолдау жүйесіне талдау жүргізілді. Зерттеу объектісі полиция қызметкерлерінің психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің институционалдық тетіктері болды. Шетелдік тәжірибенің негізгі бағыттары, атап айтқанда өзара көмек бағдарламалары, мобильді әл-ауқат орталықтары, тәуекелдер мен жарақаттарды басқару, сондай-ақ Великобритания полиция қызметкерлеріне жасалған шабуылдарды бақылаудың цифрлық технологиялары бөлінді. Салыстырмалы түрде кәсіби психологиялық қолдау көрсетудің Ұлттық тәжірибесінің оң жақтары мен кемшіліктері қарастырылды. Оны өзгерту және жетілдіру жолдары ұсынылды. Ведомстволық психологтардың санын көбейту, мониторингтің цифрлық құралдарын енгізу және медициналық-психологиялық қолдауды кеңейту қажеттілігі туралы қорытынды жасалды. Аталған шараларды іске асыру жеке қауіпсіздікті, кәсіби сенімділікті және полиция қызметкерлерінің күнделікті және төтенше жағдайларда қызметтік міндеттерді орындауға дайындық деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. | психологиялық диагностика; психологиялық қолдау; психологиялық әл-ауқат; эмоциональды күйіп кету; психологиялық дайындық; жеке қауіпсіздік; полиция қызметкері. |
| 19 | Прокопова Анна Алексеевна Байжанов Ербол Аманжолович | ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ САЛАСЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЭТИКАЛЫҚ КОДЕКСТЕРДІҢ САЛЫСТЫРМАЛЫ ТАЛДАУЫ: ҚАҒИДАТТАР, АЙЫРМАШЫЛЫҚТАР, ҚҰҚЫҚТЫҚ ЕНГІЗУ ПЕРСПЕКТИВАЛАРЫ | Мақалада жасанды интеллект технологияларын әзірлеу мен қолдануды реттейтін негізгі халықаралық этикалық кодекстерге кешенді салыстырмалы талдау ұсынылған. Зерттеу үкіметтік ұйымдар, адам құқықтарын қорғауинституттары, ғылымиқауымдастықжәнежекекорпорациялар әзірлеген құжаттарды қамтиды. Типологиялық жіктеу негізінде кодекстердің үш тобы бөлінеді: әлеуметтік-гуманитарлық, техникалық және құқықтық, сонымен қатар корпоративтік бастамалар. Ерекше назар ашықтық, әділдік, жауаптылық және инклюзивтілік сияқты негізгі этикалық қағидаттарға, сондай-ақ осы нормаларды іске асыру тетіктеріндегі айырмашылықтарға аударылған. Кодекстердің жағымды жақтары – әмбебап бағыт- бағдар қалыптастыру және жасанды интеллект деген сенімді арттыру, сондай-ақ проблемалық тұстары – декларативтілік, мәжбүрлеу тетіктерінің болмауы және құқықтық қолданудың шектеулілігі талданады. Қорытынды бөлімде жасанды интеллект этикалық стандарттарын жетілдіру жолдары ұсынылады: нормаларды құқықтық тұрғыда интеграциялау, халықаралық үйлестіру, институционалдық қадағалау, этиканы бағдарламалық түрде енгізу және азаматтық қоғамның белсенді қатысуын арттыру. Зерттеу цифрландыру дәуірінде «қағаздағы этикадан» нақты есеп беру және құқықтық қорғау құралдарына көшу қажеттігін атап көрсетеді. | жасанды интеллект; этика; кодекс; адам құқықтары; ашықтық; жауаптылық; ЭЫДҰ; ЮНЕСКО; Еуропалық комиссия. |
| 20 | Рахимов Нұрғали Берікұлы | ДІНИ ҚЫЗМЕТТІ ҚҰҚЫҚТЫҚ РЕТТЕУДІҢ ТҰЖЫРЫМДАМАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ: ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЖӘНЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТӘЖІРИ | Мақалада адамның табиғи құқықтарының біріне жататын діни сенім бостандығын іске асырудың өзекті құқықтық мәселелері қарастырылады. Діни қызметті заңнамалық реттеудің отандық және шетелдік тәжірибесіне шолу жасалып, осы саладағы негізгі тенденциялар мен проблемалар ашып көрсетілді. Олардың қатарына діни азшылықтар құқықтарының сақталуына кепілдіктерді күшейту, діни сенім бостандығы мен экстремизмге қарсы күрес міндеті арасында оңтайлы тепе-теңдікті сақтау жатқызылды. Қазақстанның ар-ождан бостандығына құқықтың сақталуы мен қорғалуын қамтамасыз ету моделі халықаралық стандарттарға тұтастай алғанда сәйкес, алайда оның тетіктерінде кейбір олқылықтардың бар екендігі анықталды. Зерттеу нәтижесінде автор діни материалдарды таратуға қатысты Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңындағы кейбір нормаларды өзгертіп, қазіргі заман талабына сай бейімдеу қажеттілігін алға тартады. | дін; діни қызмет; ар-ождан бостандығы; діни іс-шара; діни бірлестік; діни азшылық; экстремизм; адам құқықтары. |
| 21 | Садықов Мұхтар Бейбітұлы Воронков Дмитрий Валерьевич | ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖҮЙЕЛЕРІН ПАЙДАЛАНУ САЛАСЫНДАҒЫ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖӘНЕ ЭТИКАЛЫҚ НЕГІЗДЕР | Мақалада жеке деректерді өңдеу саласында жасанды интеллект жүйелерін пайдаланудың құқықтық және этикалық негіздері, ықтимал зиян үшін жауаптылық, сондай-ақ жасанды интеллектті құқық субъектісі ретінде тану шарттары қарастырылады. Тұжырымдамалық модельдеу технологиялық автономия мен институционалдық жауаптылықтың қиылысында жасанды интеллектке құқықтық және этикалық тәсілдерді талдауға мүмкіндік береді. Деректерді өңдеудің ашықтығы мен түсіндірілуіне, қателіктер үшін жауаптылықты әділ бөлуге, икемді реттеуге және этикалық кодекстерге, сондай-ақ жасанды интеллектті заңды және әлеуметтік тұрақты енгізуді қамтамасыз ететін қоғамдық қатысуға қойылатын талаптарға баса назар аударылады. | жасанды интеллект; құқықтық реттеу; этика; ашықтық; субъектілік; басқару; цифрлық құлдық. |
| 22 | Сарбасов Алихан Ержанұлы | ЖОҒАРЫ ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫЛМЫСКЕРДІҢ ЖЕКЕ БАСЫ: КРИМИНОЛОГИЯЛЫҚ АСПЕКТ | Қоғамның жедел цифрлануы жағдайында киберқылмыс заманауи қылмыстың ерекше түрі ретінде айқындалып отыр. Ол жоғары латенттілікпен, трансұлттық сипатымен және қарқынды дамуымен ерекшеленеді. Бұл мақала криминология тұрғысынан киберқылмыскердің тұлғасын зерттеуге арналған және құқық бұзушылардың негізгі әлеуметтік-демографиялық, психологиялық және мотивациялық сипаттамаларын айқындауға бағытталған. Жұмыста кибералаяқтар, хактивистер, кибертеррористер мен инсайдерлерді қоса алғандағы киберқылмыскерлердің негізгі түрлері қарастырылады. Қазақстан Республикасының статистикалық деректерін талдау құқық бұзушылардың жас ерекшеліктері мен кәсіби бейінін, сондай-ақ цифрлық экономика жағдайында олардың трансформациялану үрдістерін анықтауға мүмкіндік берді. Инсайдерлердің рөлі мен ұйымдасқан киберқылмыстық топтардың қызметіне ерекше назар аударылды. Киберқылмысқа қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыру үшін криминологиялық тәсілдерді бейімдеу және киберқылмыскерлердің тиімді типологиясын әзірлеу қажеттігі туралы қорытынды жасалды. | киберқылмыс; қылмыскер тұлғасы; жоғары технологиялар; криминология; хакер; әлеуметтік инженерия; инсайдер; хактивизм. |
| 23 | Суиндиков Нурдаулет Мыктыбекович | АЗАМАТТЫҚ СОТ ІСІН ЖҮРГІЗУДЕГІ АКТИВТЕРДІ ҚАЙТАРУ: ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СТАНДАРТТАР ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ҚАЗАҚСТАНДА ЕНГІЗУДІҢ ПЕРСПЕКТИВАЛАРЫ | Мақалада азаматтық сот ісін жүргізудегі активтерді қайтару мәселелері заңсыз баю жағдайларына қылмыстық-құқықтық ықпал етудің шектелуінен туындайтын өзекті мәселе ретінде қарастырылады. Әділдікке қол жеткізуге және бұзылған құқықтарды қалпына келтіруге ықпал ететін азаматтық тәркілеудің тиімді тетіктерін әзірлеу қажеттігі атап өтілді. Зерттеудің мақсаты – активтерді қайтару саласындағы халықаралық стандарттарды талдау және оларды Қазақстанның құқықтық жүйесіне енгізу перспективаларын бағалау. Жұмыста ұлттық және шетелдік нормативтік құқықтық актілерді, сондай- ақ халықаралық сот тәжірибесін салыстыру негізінде мәселені жан-жақты зерттеуді қамтамасыз ететін салыстырмалы құқықтық, тарихи-құқықтық және аналитикалық тәсілдер қолданылды. Зерттеудің негізгі нәтижелеріне ұлттық заңнамадағы бар олқылықтарды анықтау, Еуропалық Адам құқықтары соты мен Еуропалық Одақ Сотының құқық қолдану тәжірибесін жетілдірудегі маңыздылығын негіздеу кіреді. Заңсыз баюға қарсы іс-қимылдың тиімді құралы ретінде азаматтық тәркілеу институтын кеңейту мақсатында Қазақстан заңнамасын одан әрі жетілдіру қажеттігі туралы қорытынды жасалады. | активтерді қайтару; азаматтық тәркілеу; үкім шығармай тәркілеу; заңсыз баю; заңсыз алынған активтер; халықаралық стандарт; азаматтық іс жүргізу; сыбайлас жемқорлық. |
| 24 | Телеуев Галым Байгазыевич Молдагалиева Айжан Сундетовна | ГИДРОТЕХНИКАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫСТАРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІН ҚҰҚЫҚТЫҚ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ | Гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі адам мен қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, гидротораптардағы апаттық жағдай және олардың зардаптарын болдырмауды, сондай- ақ техникалық құралдармен, қадағалаумен, қауіпсіздік декларациясы мен қауіптерді азайту жөніндегі іс- шаралар кешенімен жүзеге асырылатын объектілерді үздіксіз және сенімді пайдалануды қамтиды. Елімізде әзірге 1500-ден астам гидротехникалық құрылыстар қолданыста бар. Гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі оның бұзылып қана қоймай, салдарының халықтың өмiрi мен денсаулығына, сондай-ақ экологиялық ахуалға әсерi үшін де маңызды мәнге ие, сайып келгенде, гидротехникалық құрылыстар орналасқан аймақтардағы аграрлық және ауыл шаруашылығының жай- күйiне әсер етедi. Мақалада «қауіпсіздік» ұғымын және оның түрлеріне теориялық талдау жүргізіледі. Агроөнеркәсіптік кешенде қолданылатын гидротехникалық құрылыстарға бақылау жүргізудің мақсаты мен гидротехникалық құрылыстардың сақталуын бақылауды жүргізетін органдардың функциялары қарастырылады. Сондай- ақ, еліміздің гидроқұрылыстары қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесіндегі бірқатар кемшіліктері анықталып және оны шешудің авторлық ұстанымдары беріледі. | тұрақты даму; Су кодексі; гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі; экологиялық қауіпсіздік; ауыл шаруашылығы; азаматтық қорғаныс; су ресурстары. |
| 25 | Төлеуова Мөлдір Ерланқызы | ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ЖҮРГІЗУДІ ДӘЛЕЛДЕУДЕ АШЫҚ ДЕРЕКТЕР КӨЗДЕРІН (OSINT) ҚОЛДАНУ | Алдын ала тергеудің тиімділігі оның бастапқы кезеңінде ақпарат жинау сапасына байланысты, әсіресе қылмыстарды «ізбе із» ашқан кезде. Мақалада Қазақстан Республикасының Қылмыстық процесінде ашық деректерді (OSINT) пайдаланудың құқықтық негіздері талданады. Ашық көздерден алынған ақпаратты дәлел ретінде қолдануды реттейтін заңнамалық нормалар, сондай-ақ әртүрлі нормативтік актілер мен халықаралық келісімдерде «компьютерлік ақпарат» ұғымын түсіндіру қарастырылады. OSINT-ті қазақстандық құқық қорғау органдарының қызметіне енгізуге, оның әлеуеті мен құқықтық олқылықтарына ерекше назар аударылды. Цифрлық іздерді талдау, әлеуметтік медиа мониторингі, қаржылық транзакцияларды қадағалау және блокчейн деректерін қоса алғанда, АҚШ пен ЕО- ның халықаралық тәжірибесі келтірілген. Авторлар OSINT-ті қолдануда құқықтық реттеуді жетілдіру және құқық қорғау органдарының мүмкіндіктерін кеңейту қажеттілігі туралы қорытынды жасайды. | қылмыстық құқық бұзушылық; дәлелдеме; ашық дерек көздері; OSINT; компьютерлік ақпарат; ақпарат жинау; жедел-іздестіру қызметі; цифрлық із. |
| 26 | Хабиева Эльвира Серикбаевна | АЗАМАТТЫҚ ІСТЕР БОЙЫНША СОТ ШЕШІМДЕРІНІҢ ЗАҢДЫЛЫҒЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ҮШІН ПРОКУРАТУРАЛЫҚ ҚАДАҒАЛАУДАҒЫ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТІ ҚОЛДАНУДЫҢ ДАМУ МҮМКІНДІГІ | Мақалада Қазақстан Республикасының прокуратура органдарында азаматтық істер бойынша сот шешімдерінің заңдылығын қамтамасыз ету қызметінде жасанды интеллект технологияларын пайдаланудың тиімді жолдары қарастырылады. Машиналық оқыту және болжамдық аналитиканы сот практикасын мониторингтеу, жинақтау процестеріне енгізу – құқықтық стандарттардан ауытқуларды жедел анықтау, прокуратуралық қадағалауға негізделген ұсыныстарды қалыптастыруға мүмкіндік беретін актілердің массивін автоматты өңдеуді қамтамасыз ететіні көрсетілген. Жеке деректерді қорғау, алгоритмдердің түсініктілігі, шешімдердің ашықтығы мен есептілігі сияқты құқықтық және этикалық шектеулер қарастырылған, сондай-ақ үлгілердің нормативтік реттелуі мен тәуелсіз аудиттің қажеттілігі атап өтілген. Деректердің жабық инфрақұрылымына негізделген, әділеттік пен құқық үстемдігі қағидаттарымен ұштасқан технологиялық тиімділікке кезең-кезеңмен енгізу ұсынылады. «Цифрлық прокуратуралық бақылауды» әділет жүйесін жаңғыртудың бір элементі ретінде дамыту орынды деген қорытынды жасалу жоспарланған. | жасанды интеллект; прокурорлық бақылау; азаматтық іс жүргізу; сот актілерін талдау; машиналық оқыту; жеке деректер; ашықтық. |
| 27 | Хакимов Ержан Маратович Айнур Маратовна Жусипбекова | ТЕҢСІЗДІКСІЗ ҚҰҚЫҚ: КОЛЛИЗИЯ ТҰТҚЫНЫНДА БОЛҒАН ҚАҚТЫҒЫС ЖӘНЕ ОТБАСЫЛЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ | Мақала Қазақстан Республикасы заңнамасында сталкинг пен отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауаптылықтың құқықтық қайшылығы мен үйлесімсіздігін зерттеуге арналған. 2025 жылғы қыркүйек айында сталкинг үшін қылмыстық жауаптылық (ҚК 115-1-бабы) енгізілді, бұл осы әрекеттің қоғамдық қауіптілігін мойындауды көрсетеді және халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді. Алайда, нормаларды талдау қорғаныс нұсқамасын бұзумен (ӘҚБтК 461-бабы) және сот актілерін орындамаумен (ӘҚБтК 669-бабы) байланысты сталкингтің объективті белгілерінің және әкімшілік құқық бұзушылықтардың қайталануын көрсетті. Қылмыстық жауаптылық жалпы субъектіге (16 жасқа толған кез келген есі дұрыс адам) қолданылатыны анықталды, ал отбасылық-тұрмыстық қатынастардағы арнайы субъектілер (жұбайы, бұрынғы жұбайы, туысы) іс-әрекеттердің ұқсастығына қарамастан тек әкімшілік жауаптылыққа тартылады. Мұндай сәйкессіздік құрбандардың ең осал санаттарын қорғау деңгейінің төмендеуіне әкеледі және заң алдындағы әділеттілік пен теңдік қағидаттарына қайшы келеді. Мақалада құқықтық белгісіздікті жою жолдары, соның ішінде сталкингтің қылмыстық құрамын отбасылық-тұрмыстық қатынастарға кеңейту, әкімшілік жауаптылықты алдын алу шарасы ретінде сақтау негізделеді. | әкімшілік жауаптылық; қорғау нұсқамасы; үйлесімсіздік; коллизия; сталкинг; отбасылық- тұрмыстық зорлық-зомбылық; қылмыстық жауаптылық. |
| 28 | Шаяхметов Шакир Шамильевич Смаилов Ердаулет Аскарович | ШЕТЕЛ МЕМЛЕКЕТТЕРІНДЕГІ ЖЕКЕ ДЕТЕКТИВТІК ҚЫЗМЕТІН ҚҰҚЫҚТЫҚ РЕТТЕУ ҮЛГІЛЕРІ ЖӘНЕ ОНЫ ҚАЗАҚСТАНДА БЕЙІМДЕУ ПЕРСПЕКТИВАСЫ | Мақалада шетел мемлекеттеріндегі, ең алдымен Еуропалық одақ, Америка Құрама Штаттары және ТМД елдеріндегі жеке детективтік қызметті (жекеше іздестіруді) құқықтық реттеу үлгілері қарастырылады. Мемлекеттік лицензиялау мен бақылауға негізделген қатаң реттеу жүйесінен бастап, фрагменталдық модельдерге дейінгі институционалдық және құқықтық тәсілдер талданған. Әр түрлі модельдердің негізгі артықшылықтары мен кемшіліктері айқындалды. Ерекше назар шетелдік тәжірибені Қазақстан жағдайына бейімдеу мүмкіндігіне аударылған – лицензиялау жүйесін енгізу, бақылау органын құру, жеке детективтерді құқықтық жүйеге кіріктіру және адам құқықтарының халықаралық стандарттарын сақтау жөнінде ұсынымдар берілген. Қорытындысында Қазақстанда жекеше іздестіру қызметін заңдастыру мен бақылауды шамадан тыс реттеу мен құқықтық вакуумның алдын алатын теңгерімді тәсілмен жүзеге асыру қажеттігі атап өтілген. | жеке детективтік қызмет; жекеше іздестіру; лицензиялау; құқықтық реттеу; кәсіби детектив; халықаралық тәжірибе; Қазақстан; реттеу үлгісі; жеке қауіпсіздік. |
| 29 | Шаяхметова Жанна Бекполовна Тажгарина Бэла Канаткалиевна | АТА-АНА ҚҰҚЫҒЫНАН АЙЫРУ НЕГІЗДЕРІ ЖӘНЕ АТА-АНА ҚҰҚЫҒЫНАН АЙЫРУ ТУРАЛЫ СОТ ІСІН ЖҮРГІЗУДІҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ | Бұл мақалада ата-ана құқығынан айырудың сот тәртібі қарастырылады. Мұндай істер кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғаумен айналысатын органдардың, қорғаншылық және қамқоршылық ұйымдарының, балалар үйлері мен басқа да мекемелердің өтініштері, сондай-ақ прокурордың талаптары негізінде қозғалады. Ата-ана құқықтарынан айыру туралы істер прокурордың және қорғаншылық-қамқоршылық органдарының қатысуымен жүргізіледі. Сот ата-анасына алимент өндіру, олардың әрекеттерінен қылмыстық құқықбұзушылық белгілерін анықтау мәселелерін де қарайды. Егер сот ата-ананың іс-әрекетінен құқыққа қайшы белгілерді байқаса, бұл туралы прокурорға жеке қаулымен хабарлайды. Мақалада ата-ана баласынан құқықтық тұрғыда қандай жағдайда айырылуы мүмкін, бұл мәселені кімдер бастамалап, сотқа өтініш бере алатыны, сот мұндай істерді қарағанда қандай органдардың қатысатыны (прокурор, қорғаншылық органдары), сот ата-ананың әрекетін тексеріп, қажет жағдайда алимент өндіру мен қылмыстық құқық бұзушылық белгілерін анықтау міндеттері мен шешім заңды күшіне енген соң құжаттарды тіркеу органдарына жіберу тәртібі қарастырылады. | ата-ана құқықтары; қорғаншылық; қамқоршылық; маскүнемдік; нашақорлық; құқығын шектеу; сот; құқықтан айыру. |
| 30 | Шегебаева Айгерім Рысбайқызы Жусупова Зада Темірқанатқызы | КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАР МЕН ЖАСТАР АРАСЫНДАҒЫ ЕСІРТКІГЕ ТӘУЕЛДІЛІКТІҢ АЛДЫН АЛУ: ӘЛЕУМЕТТІК, ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖӘНЕ БІЛІМ БЕРУ АСПЕКТІЛЕРІ | Мақалада кәмелетке толмағандар мен жастар арасындағы есірткіге тәуелділіктің алдын алу мәселелері әлеуметтік, құқықтық және білім беру аспектілерінде кешенді түрде қарастырылады. Зерттеу барысында есірткіге байланысты қылмыстардың өсу динамикасы, кәмелетке толмаған құқықбұзушылардың әлеуметтік-демографиялық ерекшеліктері, отбасылық жағдайы мен білім деңгейінің ықпалы талданған. Авторлар есірткі тұтынуға бейім мінез-құлықтың қалыптасуына әсер ететін негізгі факторларды айқындай отырып, алдын алу шараларын жетілдірудің өзекті бағыттарын ұсынады. Олардың қатарында білім беру бағдарламаларына профилактикалық мазмұн енгізу, әлеуметтік-психологиялық қолдау жүйесін кеңейту, ақпараттық қауіпсіздікті нығайту және позитивті жастар субмәдениетін қалыптастыру бар. Зерттеу нәтижелері халықаралық тәжірибе мен БҰҰ құжаттарына сүйене отырып, мемлекеттік органдар мен отбасының өзара іс-қимылы арқылы жастарды есірткіге тартудың алдын алу тиімділігін арттырудың маңыздылығын көрсетеді. | нашақорлық; жастар; қылмыстылық; профилактика; құқық; әлеуметтік қолдау; алдын алу шаралары. |